Кәсіпкерлік ортадағы қылмыстар саны азайды
Павлодар облысында кәсіпкерлік ортадағы қылмыстар саны төмендеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың он бір айында өңірде кәсіпкерлік саласында 12 қылмыс тіркелген. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір аз: 2024 жылы – 37 дерек, 2023 жылы – 43 дерек болған.
Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 8 қыркүйегіндегі Жолдауында кәсіпкерлерді негізсіз қысым мен олардың қызметіне араласудан қорғауға ерекше көңіл бөлінді. Осы міндетті іске асырудың негізгі құралдарының бірі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының кәсіпкерлерді қылмыстық процеске заңсыз тартуға жол бермеуге бағытталған нұсқауы. Осыған байланысты азаматтық-құқықтық дау болған жағдайда, сондай-ақ тексеру, ревизия немесе аудит актілеріне шағымдану үшін заңмен белгіленген мерзімдер кезеңінде кәсіпкерлік қызметке байланысты құқық бұзушылықтар туралы мәліметтерді сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеу алынып тасталады.
2025 жылы тіркелген ең кең таралған құқық бұзушылық – жұмыстарды нақты орындамай шот-фактура жазу (жеті дерек). Қылмыстар санының азаюы кәсіпкерлік ортадағы оң өзгерістерді және бизнесті қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Сонымен қатар, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері туралы жеткілікті әрі объективті мәліметтер жоқ, сондай-ақ келтірілген залал немесе заңсыз алынған кіріс туралы формальды және расталмаған қорытындылар қамтылған тексеру актілері мен уәкілетті органдардың қорытындыларына негізделген материалдар да тіркеуге жатпайды.
Жалпы алғанда, қабылданып жатқан шаралар кәсіпкерлер үшін құқықтық кепілдіктерді нығайтуға және құқық қорғау органдарының алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етуде.
«Мұндай статистика қуантпай қоймайды. Өңіріміздің бизнесі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыс істеуі маңызды, әрі кәсіпкерлік субъектілерінің заңмен байланысты мәселелерінің азайып жатқаны қуантады. Сонымен қатар, біз “Атамекен” палатасы ретінде құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бизнесті құқықтық мәселелерде қолдау жұмысын жалғастырамыз», – деп пікір білдірді Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: