Қарағандылықтарды қай өндіруші таңқалдырады?
Алдағы сенбіде, шілденің бірінде Орталық паркте жыл сайынғы «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі өтеді. Қарағандылықтар мен қала қонақтарының назарына қандай жаңа тауарлар ұсынылады?
Қазіргі уақытта байқауға қатысуға 87 компания тілек білдірді. Көрмеге келушілер биыл аймағымызда шығарылатын көптеген жаңа тауармен таныса алады.
Естеріңізге сала кетейік, өңірлік байқау-көрмеге қатысушы кәсіпкерлер 3 негізгі номинация – «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауары» бойынша бақталасады. Биылғы конкурс әдеттегіден ертерек – шілденің 1-інде өтеді, ал номинациялар бойынша үздік шыққан 9 кәсіпорын облыс намысын Экспо-2017 халықаралық көрмесі аясында ҚР президенті Н. Назарбаевтың қатысуымен өтетін республикалық байқауда қорғайды.
«Кәсіпкерлер палата жергілікті өндірушілерді барынша қолдайды, инвесторлармен байланыстырып, жобалардың қаржылануына атсалысады. Ал «Қазақстанның үздік тауары» осы өндірушілерді тұтынушыларына таныстыратын бірден-бір шара. Осы байқау арқылы біз «Қарағандыда жасалған» тауарларды кеңінен жарнамалауды, насихаттауды көздейміз. Уақыт өткен сайын тұтынушылардың да талабы күшейіп келеді, сондықтан жергілікті өндірушілер өнімдерінің сапасын арттыруда. Оны тұтынушылардың өздері де байқап жүр», - деп атап өтті Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.
Биылғы конкурста бірқатар жаңа қатысушы өз өнімін таныстырмақ. Олардың бірі – Шахтинскіден келген сұйық май өндіруші «Восток» шаруа қожалығы. Ашылғанына бірнеше жыл болған кәсіпорын кезінде Индустриализация картасына кірген еді, қазірде табысты қызметін жүргізіп келеді.
«Айза» ЖШС – өңіріміздегі ең тәтті балмұздақты өндіруші, олар биыл жаңа өнімдерін таныстырмақ.
Егіндібұлақ ауданынан келетін Өмірзақ Көпсаттаров болса табиғи өнімнен жасап шығаратын ет жартыфабрикаттарын ұсынады.
Әлия Жуматаева – аспа саңырауқұлақтар өндіретін абайлық кәсіпкер. Кәсібін бастағанына көп бола қоймаса да, жергілікті ғана емес, астаналық нарықты сапалы өнімімен жаулап алып үлгерді.
Көрмеге келуші қарағандылықтар биыл бөтелкедегі ауызсу өндіретін жас екі компаниямен – AQUALUXE және Ақ бұлақ БОВ кәсіпорындарымен танысады. Олардың шығаратын суы басқалардан несімен жақсы екенін қонақтар өздері бағасын бере алады.
Сонымен қатар Шет ауданы, Сәтпаев, Шахтинск, Балқаш және Қарағанды қалаларының бірнеше кәсіпорындары жеңіл өнеркәсіп тауарларын ұсынады. Тек қана киім-кешек емес, үй текстилінің алуан түрі – төсек орын, көрпеше, дастарқан, төсеніштерді тамашалауға болады.
Бұдан бөлек қарағандылық өндірушілер тәтті-дәмді өнімдердің көптеген түрін таныстырады – торттар, нан, сүт, еттен жасалған дайын өнімдер, сондай-ақ көкөністерді тек дәмін татып қана қоймай, өндірушінің өз бағасына сатып алуға да болады.
Айта кетейік, «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі 2001 жылдан бері өткізіліп келеді. Ал 2015 жылдан бастан байқауға жеке кәсіпкерлер де қатыса алады. Конкурс өткізіле бастаған уақыттан бері оған 5500 компания қатысқан, ал қарағандылық өндірушілер республикалық деңгейде үнемі биіктен көрініп келеді.
Тағы бір ескерерлігі, негізгі номинациялардан бөлек аймағымыздың қоғамдық ұйымдары, ассоциациялар мен бизнес-қауымдастықтар қосымша 8 номинация бойынша марапаттау әзірлеп қойды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: