«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкер – тың идея бастауы

2016 жылғы 11 Мамыр
- Қарағанды облысы
12007 просмотров

Қарағандыда коворкинг-орталығы ашылуы мүмкін

«Үздік студенттік бизнес-жоба» байқауында Саят Муслихановтың жобасы креативтілігімен қаржыландыруға лайық деп танылды

Байқау Қарағанды политехникалық колледжі бизнес-мектебінен дәріс алушылардың арасында өтті. Мектеп 2015 жылдың қаңтарында құрылған болатын. Бұл мектеп қысқа мерзім ішінде өз ісін сәтті атқарып келе жатқан бірнеше кәсіпкерді дайындап шығарды.

Сарапшылардың пікірінше, байқауға ұсынылған студенттік жобалардың барлығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін бере алады екен. Комиссия құрамына Кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры және бірқатар кәсіпорын өкілдері кірді. Олар қай жоба инвесторлардың қызығушылығын оята алады немесе тұтынушыларды көптеп тарта алады деген мәселелерге білікті қорытынды жасады.

Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасының экономист-сарапшысы Жанаргүл Құлмағамбетованың айтуынша, байқауға жоғары бағаға лайықты жобалар мен өзіне сенімді жастар қатысты.

«Шарль де Голльдің «Әрқашан ең қиын жолды таңдаңдар – ол жолда бәсекелес кездестірмейсің» деген дана сөзін үнемі жас кәсіпкерлерге қайталап айтып жүремін. Жаңалыққа жаны құмар жан ғана кәсіпкер бола алады деп есептеймін. Ал, біз тамақтану, коворкинг және инновациялық өнертабыс ашуға бағытталған жобаларды қабылдадық. Жастар қарапайым тамақтанну орындарын ашса да, өзгеше көзқараспен қарап, басқаша қадамдар жасайды. Ең бастысы ойға ерекше дән себу керектігін түсінесің», – дейді әділ-қазылар алқасының мүшесі Жанар Құлмағамбетова.

Байқауда «Аяқ киімді тазалау және кептіру аппараты» жобасымен Нұрдәулет Жанболат жеңімпаз атанды. Бұл аяқ киіміңді қоя салып, тазаланып шығуын күтетін құрал емес. Өнертапқыш арнайы кілемшенің үстінен жүріп өткен кездегі аяқ киімнің тазаланып шығуын ойластырған. Нұрдәулеттің жобасы инновациялық грантты ұтып алу үшін «Сарыарқа» технопаркіне ұсынылды. Егер жоба сәтті іске асырылатын болса қоғамдық орындар кір еденді тазалау мәселесінен біржола құтылған болар еді.

«Бұл кілемшенің технологиясы толықтай гигиенаға құрылған. Кір өзі тазаланады және химиялық реагенттер жоқ. Комиссия сарапшылары айтқандай, бұл жоба балалар үйі, аурухана және емаханалар үшін тиімді болар еді. Мен осылайша жобаны жетілдіруді ұсынамын», – дейді өнертапқыш.

Қарағандылық жас кәсіпкерлердің жиын орны мәселесін Саят Муслиханов коворкинг орталығын ашу арқылы шешпекші. Бұл жоба креативтілігімен ерекшеленді. «Өзгеше маркетингтік шешім» аталымының сыйлығын Рамазан Темірбайдың дөңгелекті арбамен балмұздақ сататын Food truck «Тәтті әлем» жобасы иеленді. Владимир Колотов пен Андрей Морковиннің «Бамбини» атты  жеке балабақшасын ашу туралы ойлап тапқандары  «Әлеуметтік маңызға ие жоба» ретінде танылды. Ал, Ақерке Кеңесованың  эконом-санаттағы қонақүй жобасы «Бірегей жоба» ретінде белгіленді.

Байқауға қатысушылардың барлығы бағалы сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ, олар идея мен оны жүзеге асыруға көмегі тиетін «Шағын кәсіпке арналған 100 жоба» атты ақпараттық жинақтамасын сыйға алды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер