«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Өңірлік даму картасы өзге елдерге таныстырылады

2016 жылғы 28 Қыркүйек
- Қарағанды облысы
11498 просмотров

Қарағанды облысының жеті жобасы қытайлық инвесторларға таныстыруға дайын тұр

Ұлттық палата іске қосқан 2016 жылға арналған Қарағанды облысы өңірлік даму картасы инвестицияны қажет ететін, жүзеге асыруға дайын жобаларды көрсетудің қажетті құралы болып саналады. Бүгінгі күні порталға инвесторлар қаражатына мұқтаж анағұрлым келешегі бар 15 жоба келіп түсті.

Кәсіпкерлер палатасы жобаларды қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Құлмағамбетова Картаға енген 7 жоба 22 қазанда инвесторларға таныстыру үшін Қытайға жіберілетінін айтты. Олардың арасында «Қазақстан Инвест Көмір» АҚ «Арнайы кокс пен электр және жылу энергиясын өндіру бойынша кешен құру» жобасы да бар. Қазіргі таңда жобаға қызығушылық танытқан инвестор бар және олар қаражат құюға да әзір екен. Сонымен қатар, онымен арада келісімшарт та жасалған. Бүгінде барлық компаниялар халықаралық аудит процедурасынан өтуде, осылайша аудит аяқталған соң, әр жобаға қажет қаражат көлемінің нақты сомасы анықталатын болады. Жыл соңына дейін ӨКП сайтта 30 инвестициялық жобаны орналастыруды көздеп отыр.

Жобаларға қойылатын басты талаптардың бірі – қажетті инвестициялар көлемі 10 млн теңгеден кем болмауы тиіс.

«Порталға жариялауға ірі жобалар да, өз қызметін жасап келе жатқан әрі стартап жобалар да жіберіледі. Неліктен 10 млн теңге? Негізгі себеп осы сомадағы несиелер мен гранттарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы қол жеткізуге болады», – деді Ж.Құлмағамбетова.

Сарапшы жоба бойынша ақпарат қолжетімді екенін хабарлады. Ол үшін бар болғаны businessmap.kz.-ті ашса болғаны.

«Қарағанды облысы парақшасын ашып, 15 жобаның негізгі сипаттамаларын көруге болады. Онда атауы, қызмет бағыты, қызметкерлер саны, технологиялар туралы жалпы сипаттама жазылады. Алайда техникалық-экономикалық негіздеме, жобаның  маркетингтік зерттеулер нәтижелері, жоспарланатын нарық шығындары секілді қаржылық көрсеткіштер көрсетілмейді. Инвестор барлығымен танысып, нақты бір кәсіпорынға қызығушылық танытқан жағдайда, Палатадан қосымша ақпарат сұрай алады. Біз ол ақпаратты жобаға қатысушының рұқсатымен ғана бере аламыз. Бұлардың барлығы қауіпсіздікті сақтап қалу үшін жасалатынын айта кетейін. Себебі, не десек те бұның бәрі жоба, технология және патенттер мен рұқсаттар болып есептеледі. Қателікке жол бермеуіміз керек».

«Аталған портал – ірі көлемдегі инвестицияны қажет ететін кәсіпкерлер үшін таптырмас құрал», дейді Ж.Құлмағамбетова. Сарапшы Картада Қарағанды облысы түрлі салалар бойынша қамтылғанын да тоқталып өтті. Олардың арасында индустриалды жобалардан басқа агроөнеркәсіптік, тамақ және тігін сияқты салалар да бар.

«Мысалы, суды оттегімен байыту туралы жоба бар. Ондай су бүгінде әйгілі француздық Perrier премиум-брендімен ұсынылып жүр. Егер біз оны өзіміз өндіріске шығара бастасақ, оның бағасы екі, үш есе арзан болатын еді. Сонымен бірге, тұтынушылардың ауқымды түріне арналған киім тігу жобасын іске асыру желісі де бар. Бұл жұмыс істеп тұрған кәсіпорын, алайда олар жаңа заманауи фабрика болса екен дейді. Қарағанды өңірі кәсіпкерлері импорт алмастыру бағытына көп назар аударып отыр деп айта аламын. Сонымен қатар, жеңіл өнеркәсіпті дамыту саласына да басым бағыт беріліп отыр», – дейді сарапшы.

Палата қаржыны сырттан әкелуге барынша атсалысуда. Еуропалық инвесторларды минералды-шикізаттық секторда сервистік қызмет көрсету қызықтырса, ресейліктер, Беларусь елі мен қытайлықтарды жалпы сектор – тамақ және жеңіл өнеркәсіп қызықтыруда. Десе де қазақстандық тараптың барлығына қояр талабы бір – қызметкерлер тек жергілікті тұрғындар болуы тиіс, оқыту жүргізілуі қажет және алдыңғы қатарлы (көнерген емес) технологияларды енгізулері шарт.

Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасы «Атамекен» Ұлттық палатасы ұсынған «Кәсіпкерлікті дамытудың 10 қадамы» индустриалды және инновациялық шешімдерді қабылдау мақсатындағы негіз ретінде белгіленген болатын. Кәсіпкерлер бүгінде бизнес-идеяларын ТЭН түріндегі инвестициялық жоба деңгейіне жеткізуде бірқатар мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте, инвесторларды одан әрі тарту көзделуде.  Кәсіпкерлер ұсынған инвестициялық жобалар әдетте инвесторлар талаптарына сай келмей жатыр. Өңірлік даму картасы алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп отыр.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер