«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Заңның осал тұсын өз мақсатына пайдаланып жатқандар бар

2016 жылғы 02 Қараша
- Қарағанды облысы
8029 просмотров

Құрылыс индустриясындағы проблемалардың тең жартысын, оның ішінде сапа туралы мәселені мемлекеттік сатып алу туралы заңды реттеу арқылы шешуге болады

Мемлекеттік сатып алулар туралы заңдағы кемшіліктер құрылыс компанияларының жұмысына кедергі келтіріп, оған қоса құрылыстың сапасына да теріс әсер етеді дейді Қарағанды облысы Құрылысшылар қауымдастығы.

Мемлекеттік мекемелердің ғимаратын толық жөндеу мен реконструкция жасау кезінде көрсетілетін қызметке тендер жүргізіледі. Тендер жүргізген мекеме 80-100% қазақстандық компаниялардың қызметін пайдаланғандығын алға тартып есеп береді, яғни, тендерді қазақстандық құрылыс компаниясы ұтып алады. Олардың қазақстандық құрылыс материалдарын қолдануы өте төмен деңгейде. Себебі, тағы да бағаға барып тіреледі. Сондықтан арзан дүние көбінесе сапасыз болып шығады. Мердігер қолына тиген қаржыны өз есебіне қарай қолдана алады. Сондықтан сапа туралы әңгіме мердігердің өзіне ғана байланысты.    

Облыстық Құрылысшылар қауымдастығының төрайымы Нәйлә Қайырбекованың айтуынша, құрылыс сапасына қатысты, құрылысшылар мен тапсырыс берушілерге де ескертпелер өте көп. Шындап келгенде бәрі де заңнаманың олқылығынан болып тұр.

«Қазақстандық кәсіпкерлерді тендерлерге тартып, отандық өндірушілерге қолдау көрсетеміз деу бос сөз. Біз бюджетті текке сарп етіп жатырмыз. Өйткені, тендердің кепілдік мерзімі аяқталатын 1-3 жылдан соң сол жұмысқа тағы да сондай сома қажет болады», – дейді қоғамдық ұйымның төрайымы.

Мемлекеттік сатып алу үшін баға ұсынысы басымдық беріп тұрған кезде демпингпен күресу мүмкін емес дейді Нәйлә Қайырбекова. «Бағаның шексіз түсе беруінің де шегі болуы тиіс», дейді ол. Қауымдастық кепілдік қамтамасыз етуді мердігерлік кепілдік мерзімге дейін созуды ұсынып отыр. Ереже бойынша 3 жыл. Немесе ҚР Азаматтық кодексі бойынша 9 жылға созылу керек. 

Отандық құрылыста үнемділік пен тиімділік ұстанымдары мүлде жүзеге аспайды. «Энергия қуатын тиімді қолдану мен үнемдеу» туралы Заңның 8-бабының 2-тармағындағы «Жаңа құрылыс нысандары автоматтандырылған жылу реттегіш жүйемен қамтамасыз етілмесе, қабылданбасын» деген сөз мүлде жүзеге аспай жатыр. Н.Қайырбекованың сөзінше, осындай автоматтандырылған жүйеге не жататыны нақты айтылмаған. Онда жылуды, суды, электр қуатын үнемдеу керектігі айтылмайды. 

«Әдетте есептегіштер орнатып жатады. Ғимаратты қолданған соң ол не үнемдейтіні тағы белгісіз. Оны ешкім есептемейді. Ал, құрылыс заттарының көп бөлігін біздің отандық өндірушілер шығарады. Олардың шығарғаны осындай ұзақмерзімді үнемге бағытталған заттар. Бюджеттің ақшасын үнемдеуге арналған. Ал, іс жүзінде ғимараттың құрылысы бастала салысымен баға ұсынымын арзандатып, бәрін бүлдіреді. Бүгінгі таңда елбасыдан бастап тауар өндірушіге дейін жылу үнемдейтін ғимарат салу керек деп айтады. Бірақ іс барысында оған ешкім мән бермейді. Бізге қызығы тек – арзан баға болып тұр», – дейді қауымдастық төрайымы. Ол нормативтік-сметалық актілерге, заңдағы актілерге құрылысшылардан Жылу мен электр қуатын үнемдейтін материалдар мен технологиялар қолдануды талап ететін заң керек дейді. Тек қана мемлекеттік нысандар құрылысына кететін шығынды ғана есептемей, сол ғимаратты қолдану мен күтуге қахет қаржыны да алдын ала есептеу керектігін алға тартты. 

Қарағанды облысы мемлекеттік аудит департаментінің ішкі аудит бөлімінің басшысы Әділ Әбішев құрылыс жұмыстары мен қызметін қабылдап алу үшін сарапшыларды тарту керек дейді.

«Байқау комиссиясы тек біліктілік талаптарын, құжаттарды тексереді. Ал, тауарды тексеру – тапсырыс берушінің ықтиярында. Заң оған тыйым салмайды. Тек бұл құқықты ешкім қолдана бермейді. Тапсырыс беруші комиссияға сарапшы шақырып әуре болғысы келмейді», – деді мемлекеттік органның өкілі.

Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылардың техникалық біліктіліктігі жоғары болуы тиіс. Оларды әртүрлі санатқа жатқызбау керек. Келісімге қатысып отырған барлық тараптың көңілінен шығуы керек. Алайда, Қарағанды облысы Кәсіпкерлер қауымдастығының директоры Серік Санаубаевтың айтуынша, тапсырыс беруші бәрін заңды түрде жасауға қадағалаушы органдардың санкциясынан қорқады. 

«Прокуратура тексере қалса, бәрін өздері жасап жатқандығына күмән туғызады деп қорқады. Егерде заңбұзушылық орын алып жатса, онда соны барлық әкімшілерге айтып жеткізу керек. Олар да сол қателіктерді болдырмауға барын салсын. Әсіресе, ауылдық жердегі әкімшілер. Ақпарат алмасуға сіздердің департамент мүдделі болуы тиіс», – деп кеңес берді С.Санаубаев мемлекеттік аудит органдарына.

Әділ Әбішев порталда құқықтық бөлім бар екендігін айтты. Онда осы текті ақпараттар беріліп тұрады. Бірақ кәсіпкерлер әкімшілер порталға мұндай ақпарат іздеп бас сұқпайды екен.

Н.Қайырбекова ұйымдастырушылар талап ететін техникалық біліктіліктің заңсыздығына назар аударды.

«Техникалық біліктілік механизмі дайындалғанда, оған қайдағы жоқ дүниелер жиі жазылады. Мәселен, «шұңқыр қазғыш» талап етіледі. Ондай нәрсе өмірде жоқ. Ал, техникалық құжатта бар. Мердігер сол механизмді өзі ойлап таба салады. Немесе бульдозерді алайық. Оны кәріздер қазғанда, инженерлік-коммуникациялық жүйені салғанда қолданады. Оның үстіне әр кезде әртүрлі бульдозер талап етіледі. Жарайды, жақсы мұнысына көндік. Сол бульдозерді ала салайық, құжатта тіркей саламыз. Бірақ бәрібір қолда бар бір ғана бульдозерді пайдаланады. Сонда бұл көзбояушылық кімге керек? Өзіміз мердігерлерді заңсыздыққа итермелеп отырмыз ғой. Әртүрлі құбырды әртүрлі бульдозермен салу – күлкілі емес пе!», – дейді Құрылысшылар қауымдастығының төрайымы.

Құрылысшылар қауымдастығы жергілікті құрылыс заттарын қолдануға басымдық беруді бақылауға алу керектігін алға тартты. Құрылысшылардан арзан баға мен құрылысты мерзімінде аяқтауды ғана сұрамай, ғимаратты жергілікті құрылыс заттарымен салуды талап ету қажет дейді.

Өңірлік кеңестің мүшесі Александр Перов техникалық біліктілік құжаттарын барлық тараптармен – тапсырыс берушілермен және құрылысшылармен, бірлесе отырып дайындауды ұсынды. Сосын Ішкі аудит департаментіне тексеріске беру керек дейді. Олар барлық келісімнің заң аясында жүргенін бақылайды. Осындай тәжірибе барлық тараптың мүддесін қорғап, заңды бұзбай жұмыс жасауға мүмкіндік береді дейді кәсіпкер. Оған Ә.Әбішев «Әрдайым дайынбыз!» деп жауап берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер