«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Түлектерді жұмыспен қамту – ортақ міндет

2016 жылғы 11 Қараша
- Қарағанды облысы
12896 просмотров

Республикалық дөңгелек үстелге қатысушылардың айтуынша, колледждер түлектерді жұмысқа орналастыруға жауапты болмауы керек

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен дөңгелек үстелде бизнес пен мемлекет өкілдері дуальды білім беру мәселелерін және оның болашағын талқылады. Облыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов колледждерден түлектерді жұмысқа орналастыру жауапкершілігін алып тастауды сұрады. Ол өз көзқарасын дуальды білім беру ұйымының мәселелері жөніндегі республикалық дөңгелек үстелде білдірді .

Қазақстанның әр өңірінен келген бизнестің, Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі неміс қоғамдастығының (GIZ), Білім және ғылым министрлігінің өкілдері Қарағандыда жиналып, дуальды білім беруді ары қарай дамыту туралы өз идеяларымен бөлісті.

Жақсы дайындалған маманды «қолдан жұлып әкетеді», ал көптеген жас мамандар жұмыс таба алмаса, оларға тиісті білім берілмеген деген түсінік нарықтық заманға сай емес деп есептейді А.Аймағамбетов. Жұмыс табу – қиын мәселе. Тек бір нәрсе айдан анық: колледждер дайын мамандар даярлап шығарулары тиіс. Бірақ түрлі орындарға зыр жүгіріп, түлектердің бұдан арғы өмірін белгілеу ұстаздардың жұмысы емес, тіпті жасыратыны жоқ, кейде олар жылдық есеп-қисапты бұрмалауға мәжбүр болады. Егер әр түлекті жұмыспен қамту орталығына тіркейтін болсақ, онда өңірлердегі, жалпы еліміздегі еңбек нарығының шынайы көрінісі анықталып, оларды реттеу мүмкіндігі де болар еді дейді дөңгелек үстелге қатысушылар. 

ҚР жаңа Еңбек кодексінде «дуальды білім беру», «дуальды білім беру туралы келісімшарт» деген түсініктер бар,  «дуальды білім беруге»  қатысты  жаңа бап (119-бап) бар. ҚР «Білім беру туралы» заңына сәйкес, қызығушылық танытқан тараптардың құзыреттілігін анықтау және білім беру бағдарламаларындағы тәжірибені 60%-ға дейін көтеруге қатысты  өзгерістер мен қосымшалар енгізілді, сонымен қатар министрліктің құзыреттілігіне сай биылғы жылдың қаңтар айында дуальды білім беру ұйымының Ережесі бекітілді. Қазіргі уақытта еліміздегі 2269 кәсіпорын мен 409 колледжге 80 мамандық және 160 біліктілік бойынша 26524 студентті қамтитын дуальды білім беру қағидаттары енгізіліп жатыр. Қарағанды облысында осы жүйе бойынша 1,5 мың адамға білім беріп жатқан 31 колледж бар. Бүгінгі күні дуальды білім беру экономиканың нақты секторы үшін мамандар дайындауда болашағы зор бағыт болып саналады. Кәсіпкерлерге де өнім сапасы мен кадрлар біліктілігінің халықаралық стандарттарға сай болғаны керек.

Бұл процеске кедергі келтіріп отырған көптеген мәселелер бар екенін екі жақ та мойындап отыр.

«Бүгінгі дөңгелек үстелдің маңызы өте зор, қатысушылар дуальды білім беруді нормативтік-құқықтық тұрғыдан дамыту үшін ұсыным жасап шығарулары керек», – деді Білім және ғылым министрлігінің әріптестік және халықаралық жобалар басқармасының басшысы Рауза Ширгатова.

«Бұл жүйеге біздің бизнесмендер әлі күмәнмен қарайды. Колледжер серіктес табуда қиындықтарды бастан өткеріп жатыр. Колледж өкілдерінің айтуынша, әріптестік орнатуға жұмыс берушілердің ықыласы да жоқ, оның үстінен салықтық жеңілдіктер де қолданылмайды. Біздің кәсіпкерлер ұзақ мерзімге қаржы салуға дайын емес. Білікті мамандар да қажет, алайда 4-5 жыл күткілері келмейді», – дейді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Қарлығаш Оспанова.

Дуальды білім беретін оқу орны мен өнеркәсіпті, теория мен тәжірибені ұштастыру тәлімгерге жүктелген. Бірақ бұл қандай адам, қандай өкілеттілікке ие, оны кім, қалай қаржыландырады? Әзірге бұл сұрақтарға мардымды  жауап жоқ.

«Шын мәнінде  бұл өз тәжірибесін жастармен   бөлісетін еңбекқор адам, – деп облыстық білім беру басқармасының басшысы ойын қысқаша жеткізді. – Алайда, бұл шаруаны атқару үшін, ол тек кәсіби тұрғыда емес, психология мен педагогика және т.б. салалар бойынша да білімді болуы қажет. Демек, жетекшілерді оқытатын бағдарлама керек".

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бұл істі облыс педагогтары бірінші рет қолға алып отыр, оқу-әдістемелік орталықтарда мұндай бағдарламалар жасалып, оқытылып жатыр. Оның шығындардын колледждер көтеруі керек деген де пікір бар.

Дөңгелек үстелге қатысушылар біліктілік және кәмелеттік жасқа толмаған оқушылармен келісімшарт жасау мәселелері бойынша бірнеше ұсыныс енгізді.

GIZ сарапшысы Райнер Гертц Германиядағы дуальды білім беру ұйымының тәжірибесімен бөлісті. Онда жыл сайын кадрлар дайындау үшін шамамен 30 млрд еуро жұмсалады. Бұл бағдарламаға 500 кәсіпкер тартылған. Оқушының айлығы орташа есеппен 650 еуродан жоғары, өндірісте жұмыс істеуді колледж студенттері 2 курстан бастайды. Мемлекет пен жұмыс берушінің бірлескен жұмысының арқасында олардың 60 пайыздан астамы жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар біздің педагогтар қанша тиімді болса да, өзге елдің тәжірибесін көзсіз көшіре беру орынсыз деп санайды. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық, менталитеттік, мәдени және т.б. ерекшеліктерді есепке алу керек дейді олар.

«Қарағандының кадрлық әлеуеті әрқашан жоғары болған, алайда соңғы кездері мамандардың біліктілігі төмендеп кетті. Біз өңірге инвестициялар тартуда осы маңызды фактордың рөлін естен шығармауымыз керек, бұл дуальды білім беруді дамытудың маңыздылығын тағы бір рет көрсетті», – деді отырысты қорытындылаған өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Мәдениет Божбанов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер