«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Бастау»: жұмыссыздықтан құтылып, бизнесмен боласың

2018 жылғы 25 Шілде
- Қарағанды облысы
6371 просмотров

Қарағанды облысында «Бастау» жобасының үшінші легі өтуде. Биыл жоба өңірдегі барлық 9 аудан мен 8 моноқаланы қамтыды. Жыл соңына дейін шамамен екі мыңға жуық адамды оқыту жоспарланып отыр.

Былтыр ғана басталған жоба Қарағанды облысындағы мыңдаған жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтыған жандарға көмектесті. Оның ішінде 360 бастауыш кәсіпкер жалпы сомасы миллиард теңгені құрайтын қаржылық көмек алды.  Биылғы жылдың басынан 70 азамат өз бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін қаражат ала алды.

Бағдарлама аясында қазақстандықтар кәсіпкерлік негіздеріне оқып қана қоймай, жеңілдетілген несие алу мүмкіндігі ие болады. Бұған қоса жоба түлектеріне бизнес-идеяны жандандыру мақсатында мемлекет байқау негізінде қайтарымсыз қаражат алуға да ықпал етіп отыр. 

«Мәселен, Бұқар Жырау ауданында жалпы сомасы 180 880 000 теңге болатын 50 жоба, Қарқаралы ауданында жалпы сомасы 187 500 000 теңге болатын 60 жоба, Нұрым ауданында 186 152 000 теңгеге тең 51 жоба және Шет ауданында жалпы сомасы 191 400 000 теңге болатын 58 жоба жүзеге асырылды», – деді Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Жақсылық Ахметбеков.

Бұл жай ғана құрғақ сандар емес. Бұл шынайы жұмыс орындары, бұл өмір деңгейін көтеру және жеке кәсіп ашуға бел буған қарапайым жұмыссыздардың табысты тағылымы. Сөзімізге көрсеткіштер дәлел, ӨКП Жобаның негізгі көрсеткіштерін (KPI) іске асыру шеңберінде өңірлер рейтингінде орындаудың 137% үлесімен  2-орынды еншіледі. Осы бағдарлама арқылы 400-ге жуық жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам кәсіпкер атанды.

 «Жүзеге асырылған жобалардың негізгі бөлігі мал шаруашылығы мен ет және сүт өнімдерін өндіру саласына жатады – 83%, 37 жоба – 10% қызмет көрсету саласы, оған ателье, дәріхана, қоғамдық тамақтану жатады, 26 жоба – 7% өнім өндіруге жатады, бұл құрылыс материалдары, нан-тоқаш өндіру, ағаш өңдеу, кәдесый жасау», – деді Қаржылай емес қолдау көрсету бөлімінің бастығы Жақсылық Ахметбеков.

 Мәселен, «Бастау» жобасының қатысушысы Әлибек Нұрабай былтыр Нұра ауданы әкімінің грантын ұтып алды. Сома үлкен емес – 480 000 мың теңге. Алайда кәсіпкердің табандылығы мен еңбекқорлығы жақсы нәтижелерге жеткізді. Кәсіпкер компьютер, жарық диодтық кронштейн мен көшені жарықтандыру элементтерін өндіруге арналған материалдарды сатып алды. Бүгінде кәсіпкер нарықта танылып келеді. Сонымен қатар аталмыш жоба «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауында «Бастаудың» үздік жобасы атағын еншіледі.

 Қарқаралы ауданының кәсіпкері Мағауия Борханов бағдарлама бойынша білім алып, 6 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Кәсіпкер мал шаруашылығын қолға алды. Сондай-ақ, ол сүт өнімдері ауыл тұрғындарына сатуды жүзеге асыруда.

 Тура осылай жеке кәсіп бастағыңыз келсе, онда өз тұрғылықты жеріңіз бойынша «Атамекен» өңірлік палатасына өтінім беру керек. Айта кетелік, 13 тамыз күні «Бастаудың» төртінші легі бсталады. Өтінімді 9 тамызға дейін беру керек. Оқу мермізі – 25 күн. Жоба қатысушыларына шәкіртақы мен сертификат қарастырылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер