«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес «карантинде» - осы уақытта алматылық бизнеске қандай көмектер көрсетілуде

2020 жылғы 28 Наурыз
- Алматы қаласы
8372 просмотров

Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы қалай жұмыс істеуде және дағдарыс құбылыстарын еңсеру үшін бизнеске қандай көмектер көрсетілуде, осы және өзгеде мәліметтерді ұйым директоры Нариман Әбілшайықов баяндап берді.

Алматы қаласында 30 наурыздан 5 сәуірге дейін барлық ұйымдар мен кәсіпорындардың жұмысы уақытша тоқтатылады. Тек қаланың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін ғана қажетті жұмыстар жалғасатын болады.

«Бұл шаралар қала тұрғындарын инфекциядан мүмкіндігінше қорғау үшін енгізілгенін түсінуіміз керек. Бүгінгі таңда Алматы аумағында коронавирустық инфекция ошағының 22 аймағы және COVID-19 расталған 58 жағдайы тіркелген. Осы орайда, біз бизнес өкілдерін, қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауға, ал азаматтарды санитарлық және дезинфекциялық шараларды қатаң сақтауға шақырамыз. Сонымен қатар, біз бизнеске көмектесуге арналған ұйым ретінде кәсіпкерлердің қандай қиындықтарға тап болғанын түсінеміз», - деп айтып кетті Нариман Әбілшайықов.

Алматыда 2020 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша 106 007 жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлік және заңды тұлғалар бар, онда қызметкерлердің нақты саны 346 899 адам. Олардың көпшілігі уақытша жұмысын тоқтатуда.

«Палатадағы түскен бизнес өтініштерінің талдау көрсеткендей, салықты кейінге қалдыру, тауарларды қала шекарасы арқылы өткізу, сондай-ақ табысы жоғалған жеке тұлғалар мен қызметкерлерге ең төменгі жалақы төлеу ең өткір мәселелердің бірі болып табылады», - деді ол.

Жедел штаб құрамына кіретін Палата қызметкерлері күн сайын «жедел желі» телефондарына түсетін қоңырауларға жауап беріп, толықтай кеңестерді беруде, сондай-ақ, қажет болған жағдайда қала шекарасы арқылы көлікті өткізу мәселелерін шешу үшін, блокпосттарға шығуда. Бүгінде «жасыл дәліз» арқылы азық-түлік тауарларын өткізу мәселелері бойынша 700-ден астам қоңырау келіп түсті.

«Біздің қызметкерлеріміз күн сайын, демалыссыз, кәсіпкерлерге телефон арқылы салық заңнамасының ережелерін және салық төлемдеріндегі өзгерістерді, төтенше жағдайлар кезінде жалдау мерзімін кейінге қалдыру туралы мәліметтерді, форс-мажорлық жағдайлар бойынша куәліктер алу, ең төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік төлемдерді беру, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің негізгі қарызды және барлық бизнес несиелері бойынша сыйақыны төлеуді тоқтата тұру жөніндегі ақпаратты түсіндіруде», - деп атап өтті Нариман Әбілшайықов.

Ағымдағы жылдың 20 наурызынан бастап мемлекеттік, квазимемлекеттік жылжымайтын мүлік объектілері бойынша, бизнесмендер үшін үш ай мерзімге жалдау төлемдерін есептеу тоқтатылды. Қазіргі таңда Палата мен қала әкімдігі бірлесе коммерциялық үй-жайларды жалға алатын шағын және микробизнес субъектілерін жалдау төлемінен босату мүмкіндігіне көмектер көрсетуде.

Осыған орай, Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанынан сауда және қызмет көрсету салаларын талдау бойынша жұмыс тобы құрылды.

«Наурыз айының 27 күні кешке дейін біз 150 кәсіпкермен кездесіп, сөйлестік, олардың барлығы деректерді толтыру туралы кестелерді алды. Көпшілігі жалға алушылармен келісімге келді, мысалыға олардың қатарында «MEGA», «Москва», «Авто сити» бар. Үлкен жалға алушылармен шешілуі қажет мәселелерді біз бірден «Атамекен» Ұлттық палатасына жібердік», - деді ол өз сөзінде.

Кадр мәселесі бойынша Палата төтенше жағдай кезіндегі кадрлық мәселелерді анықтау мақсатында, 874 кәсіпорынның жұмысшыларын жұмыстан босату туралы онлайн-сауалнама жүргізді. Осы кәсіпорындардағы 16 869 жұмысшының 7 202 қызметкері немесе 25,4% еңбекақысыз демалысқа жіберілді, 1617 қызметкер босатылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы карантин кезеңінде жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруға да ықпал етеді.

«Алматыға қала маңындағы жұмысшылардың кіруіне тыйым салынуына байланысты кейбір компанияларда жұмысшылардың белгілі бір саны тапшы болуда. Бізді жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша 16 компаниямен байланысқа түстік, бүгінгі таңда 254 өтініш беруші жұмысқа жіберілді», - деп айтты ол.

«Мемлекеттік сатып алулар және квазимемлекеттік компаниялардың сатып алулары арқылы отандық өндірушілерді қолдау мақсатында біз бір көзден сатып алу үшін 12000-нан астам тауарлардың тізімін, тауарлар тізіміне сәйкес отандық өндірушілердің тізімін дайындадық», - деп атап өтті қалалық Палата директоры.

Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын көтеру мәселесі қазір Жұмыс тобының бақылауында. Олардың мәліметтері бойынша, бүгінде Алматы базарларында бағаның 5-7 % өсуі байқалуда. Бағаның өсуі сәбіз (10%), қарақұмық (13%) және күріш (14%), қант (12%), картоп (10%) және ұн (5%) көрсетуде. Сонымен қатар, басқа тауарлардың бағасы салыстырмалы түрде тұрақты.

«Сөзімді қорытындылай келе, мен бизнес өкілдеріне төтенше жағдайдың режимін бұзбау керектігін ерекше атап өткім келеді! Белгіленген шектеулерге қарамастан, кейбір нысандар жұмысын жалғастыруға ниетті деген ақпарат бар. Кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту, оның ішінде қамауға алу жағдайлары бар. Біз бизнесті жауапкершілік туралы ескертеміз және режимдегі заң талаптарын сақтауға шақырамыз», - деп айтты ол.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының «Жедел желі» телефондары:

8(727) 3310133 ішкі байланыс.7555, call-center: +7 708 178 61 08.

«Атамекен» ҚР ҰКП «Сall-орталығы» - 1432

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының Жедел штабы

Кеңес күн сайын сағат 9.00-19.00-ге дейін беріледі

Алматы және Алматы қалаларындағы тауарлардың (тамақ және медициналық тауарлар) қозғалысына байланысты кәсіпкерлік субъектілерінің мәселелерін қарау бойынша - Ибрагимов Нариман +7 701 951 86 51.

Алматы қаласының тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша және Кәсіпкерлік субъектілеріне көмек туралы - Насамбаев Әскербек +7 701 242 29 47.

Жалдау төлемдерінен босату мәселелерін қарастыру - Сералиев Бауыржан + 7 747 555 04 23.

Жұмыстан шығарылған қызметкерлерді жұмысқа орналастыру мәселелерін қарау. Жұмыссыздарды қайта даярлау және кәсіптік бағдар беру - Абильдаева Толқын +7 701 503 00 22.

Форс-мажор (форс-мажор) туралы анықтама алу бойынша кеңестер - Гельфанова Саида +7 701 732 88 54.

Салық мәселелері бойынша кеңестер беру - Заиркан Бақыт +7 705 671 51 15.

Несие мерзімдері/демалыс алу бойынша екінші деңгейдегі банктермен өзара іс-қимыл мәселелері туралы кеңестер беру - Мурзакулова Жанна +77081566935.

Алматы қаласындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалар талдауы - Асылбеков Дәулет +7 778 965 37 73.

Кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін басқа да мәселелер бойынша кеңестерді беру - Шыныбекова Арай +7 707 709 15 77.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер