«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлерге: мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі 1 тамызға дейін қолданылады

2020 жылғы 18 Мамыр
- Қызылорда облысы
7558 просмотров

Еліміздегі төтенше жағдай мен карантин режимінде мемлекет отандық тауарөндірушілерді қолдау мақсатында мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін енгізген болатын.

          Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында сөйлеген сөзінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібі осы жылдың тамыз айына дейін жалғасатындығын жеткізген болатын.

         Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібі дегеніміз не? Ол қалай жүзеге асады? Бүгін осы сауалдарға Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әйгерім Рахымжанова жауап берді.  

«Елімізде енгізілген төтенше жағдайдан кейін мемлекеттік сатып алудың нормативтік құжаттарына да, атап айтқанда осы жылдың 20 наурызында Үкіметтің №127 Қаулысымен төтенше жағдай кезеңінде әрекет ететін Мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібіне өзгерістер енгізілді.

Қаулыдағы кәсіпкерлер үшін маңызды бөлігіне тоқталсақ.

- Әлеуетті өнім беруші міндеттемесін толық орындаған жағдайда төлем 5 күн ішінде жүзеге асырылады.

- Әлеуетті өнім берушілерге төтенше жағдайды енгізу салдарынан туындаған жағдайлар бойынша (шартқа қол қоюдан жалтару, сондай-ақ оны орындамау не тиісінше орындамау) жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізу жөніндегі айыппұл санкциялары мен шаралар қолданылмайды.

- Төтенше жағдай кезеңінде барлық тауарлар бірінші кезекте отандық тауар өндірушілер арасында арнайы тәртіп шеңберінде 3 күнге дейін қысқартылған мерзімде баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алынады. Бұл сатып алуда шетелдік өндіріс тауарларын жеткізуге жол берілмейді.

- Мұндай тауарларды жеткізу кезінде тауар өндірушілер СТ-КZ сертификаттарын ұсынуға міндетті.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұл кезеңде отандық тауарөндірушілерден алу талабы бірінші орында. Осыған сәйкес отандық тауарөндірушілердің тізбесін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп қалыптастырып, www.goszakup.gov.kz веб-порталына орналастырды.

Бұл ретте, егер мемлекеттік сатып алуға тауарөндірушілер қатыспаған болса, онда одан әрі жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Арнайы тәртіп шеңберінде бір көзден алу тәсілі мемлекеттік сатып алу мәселелері жөніндегі ведомстволық комиссия айқындаған тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша ғана қолданылады. Яғни, бүгінгі күні мемлекетке қажетті медициналық өнімдер, азық-түлік өнімдерінің тізбесі веб-порталда орналастырылған.

Арнайы конкурс жұмыспен қамтудың 2020 – 2021 жылдарға арналған Жол картасымен көзделген жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді және жедел, кідіріссіз және маусымдық сипаттағы жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу кезінде қолданылады.

Бұл тәсілде конкурстық құжаттама жобасын алдын ала талқылау, камералдық бақылау шеңберінде алдын ала рұқсат беру және шағымдану рәсімдері болмайды. Соған сәйкес конкурсты өткізу мерзімі 7 жұмыс күнін құрайды (бұрын 40-60 күн аралығында болған).

Талап бойынша сомасы 20 мың айлық есепті көрсеткіштен асқан келісімшарттарда өтінімді, сатып алу туралы шарттың орындалуын, аванс сомаларын енгізу талаптары қолданылмайды».

Сатып алу саласына қатысты сауалдары туындаған жағдайда кәсіпкерлер Палатаның сарапшысы Әйгерім Рахымжановаға хабарласа алады. Кәсіпкерлер палатасының мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Желтоқсан көшесі 12, «Бастау» бизнес-орталығының 11-қабаты. Байланыс телефоны: 8/7242/ 40-09-81.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер