«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылорда: Кәсіпкерлер палатасы қаржы институттарына кооперацияларға шара қолданбай, есесіне қолдауды сұрауда

2020 жылғы 08 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
4653 просмотров

Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов айтты.

Бүгінгі күнге облысымызда 2239 жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру арқылы 88 кооператив тіркелген. Оның ішінде, 65 ет бағытында, 10 сүт бағытында, 8 бақшалық, 4 құс шаруашылығы және 1 балық шаруашылығы бағытында.

2016 жылдан бүгінгі күнге кооперативтерді дамыту мақсатында жеңілдетілген несиелендіруге 3,7 млрд.теңге қаржысы бөлініп, қосымша 1 910 жұмыс орындары ашылды.

2 қыркүйекте жарияланған Жолдауда Президент ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет деген болатын.

«Алайда кооперативтердің дамуында проблемалар баршылық», - дейді Пірмұхаммед Айтбайұлы: «Тіпті кейбір алғашында тіркелген кооперативтер арасында «тиімді емес, жауып тастау керек» деген тенденция пайда болды. Оның себебі кооперация жүйесін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің басым бағыттар секторынан алып тастауы. Мәселен, алғашқы кооперативтерді қолдау кезеңінде қолжетімді несиелер мен субсидиялар көп болды. Ал осы мемлекеттік қолдау тетіктерін алуда кооперативтер алғашқы кезекте болды. Екі жыл бұрын бұл артықшылықтар жойылып, кооперативтер үшін осы бағытта кәсібін жүргізуге ынталары күрт төмендеп кетті».

Палата директорының орынбасары кооперациялар дамуындағы келесі кезеңді қалыптастыру үшін екі ұсыныс беріп отыр.

«Біріншісі - ауыл шаруашылық кооперативтерінің тұрақты дамуы және бәсекеге қабілетті болуы үшін «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңда жергілікті кооперативтерге байқау кезінде артықшылық беру. Сол кезде ғана, кооперативтер мемлекеттік қолдауды (субсидия, несиені) күтпей, өздігінен дамып, аяққа тұратын бизнес модельге айнала алады. Мұндай норманы нормативтік құжат қабылданғанша, қала және аудан әкімдіктері жергілікті кооперативтердің «Мемлекеттік сатып алудағы» сүт-ет сияқты ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету лоттарына қатыстыруға ынталандырып, жүйенің тез дамуына септігін тигізуге шақырамын. Жалпы өңірде жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалана отырып орталықтандырылған азық-түлік белдеуін қалыптастыратын уақыт келді», - дейді Пірмұхаммед Сыздықов.

Палата тарапынан беріліп отырған екінші ұсыныс мынадай. Өңірде 2017 жылдары несие мен субсидия алған кооперативтер баршылық. Солардың көбісі мемлекеттік қолдау тетіктері тоқтағаннан кейін, несиелерін төлеуі қиындап кеткен. «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-на қарасты қаржы институттары және басқа да несие ұйымдары кәсібін тоқтататын шаралар қолданбай, мүлкін мәжбүрлеп өндіріп алу әрекетіне бармай, аяққа тұру мүмкіндіктерін қайта қарастыруы керек деп есептейді Палата.

«Бұл жұмысты облыстық ауыл шаруашылық басқармасымен бірлесе зерделеп, проблемалық жобаларды анықтап, санкцияларды тоқтатуға шешім қабылдауды ұсынамыз», - дейді Палата өкілі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер