«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

«Аға сеньорлар» компоненті аясында келген сарапшы қызылордалық кәсіпкердің тауарын брендке айналдыруға көмектесуде

2020 жылғы 21 Қазан
- Қызылорда облысы
6014 просмотров

Пандемия жағдайына қарамастан кәсіпкерлер бизнесті қолдау тетіктерін тиімді қолдануда.

Бұрын шет елден сарапшы мамандар тартуға мүмкіндік беретін «Бизнестің жол картасы - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Аға сеньорлар» бағдарламасы енді отандық сарапшылардың да әлеуетін қолдануға жағдай жасап отыр.

Сол мүмкіндікті қолданған кәсіпкерлердің бірі – Ғалым Пірекешов. Ол Қызылордада 2013 жылы қорғаныш каскаларын шығаратын шағын зауыт ашты. Зауыт шағын болғанымен өніміне сұраныс жоғары. Дайындалған өнімдер шаруашылыққа, өндіріске аса қажет. Қауіпсіздік бас киіміне бүгінде мұнай, атом компаниялары, құрылыс, темір жол мекемелері тапсырыс беруде. Зауыт иесі енді осы тауарларды брендке айналдырып, басқарудың жаңа әдістерін игеру үшін «Аға сеньорлар» компоненті аясында Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы маман шақыртты.

«Өндіріс саласында жұмыс жасап жатқанымызға 6 жыл болды. Тауарымызды өзге өңірлерге, алыс-жақын шет елдерге таныту үшін бренд ретінде қалыптастырғымыз келіп отыр. Одан басқа да маркетингтік жолдарды қарастырып жатырмыз. Сол үшін «Аға сеньорлар» компонентін пайдаланып, Кәсіпкерлер палатасымен бірге жұмыс жасап, маман шақырттық. Алға қойған тағы да мақсаттарымыз бар. Ол пластик саласымен байланысты. Пластикті өндіру, өңдеу саласында жұмыс жасағымыз келіп отыр. Біздің өңірімізде бұл өндірістің түрі дамымаған», - дейді «NP-Consulting» ЖШС директоры Ғалым Пірекешов.

Отандық өнімге болашақта тапсырыс артып, сұраныс көбейсе жұмыс күші де еселенеді. Сондықтан келген маман кәсіпкерге тауар брендін қалыптастыру мен маркетинг қадамдарын жүйелі жолға қоюға көмектесуде.

«Мені Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы шақырды. Кәсіпкер менің алдыма тауар брендін қалыптастыру міндетін қойып отыр. Қазіргі қиын жағдайда кәсіпкерлер әрбір тұтынушы үшін күреседі. Ал брендинг арқасында ол өзінің бәсекелестерінен ерекшеленіп тұрады. Менің міндетім – сауда маркасын жасау. Ең алдымен біз брендбук дайындап, кейін сауда маркасын тіркейміз. Әрі қарай кәсіпкердің өнімі мен оның бизнесін алға жылжытуға жұмыс жасаймыз», - дейді Нұр-Сұлтан қаласынан келген сарапшы маман Айнұр Әшімова.  

Күніне 800-1000 каскаға дейін шығара алатын шағын зауытта қорғаныш бас киімінен өзге 20 литрлік судың ыдысына арналған қақпақшалар шығарылуда. Кәсіпкер Ғалым Пірекешов тауардың брендбугын қалыптастырып болғаннан кейін су шығаратын кәсіпорындарға өнімін ұсынбақшы.

Айта кетейік, «Аға сеньорлар» компоненті отандық сарапшылардың тәжірибесі мен білімін пайдалана отырып, салалық ерекшеліктерін ескере отырып кәсіпкерлердің құзыретін арттыруға, жаңа басқару әдістерін, өндіріс технологиялары мен персоналды оқытуға қатысты сұрақтар бойынша тікелей кәсіпорында қатысушыларға кеңес беру мен тәжірибе алмасуға бағытталған. 

«Аға сеньорлар» компонентіне жылдық айналымы 5000 айлық есептік көрсеткішке жететін, экономиканың басым секторында жұмыс жасайтын кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады. Қатысуға ниетті азаматтар өтініштерін онлайн да, офлайн да бере алады», - дейді Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Гүлнұр Құрмантаева.

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы Қызылорда қ-сы, Қорқыт ата 123 мекен-жайында орналасқан. Байланыс телефоны: 8 /7242/ 40-09-81, 40-02-02.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер