«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қызылордалық шаруалар мал ұрлығына алаңдаулы

2023 жылғы 08 Тамыз
- Қызылорда облысы
9497 просмотров

Қызылордада мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мал ұрлығының көбейгенін айтып, ашылмай жатқанына алаңдаулы. Бұл туралы олар Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені кеңесінің отырысында айтты.

Шараға Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, кеңес төрағасы Нұрлан Іздібаев, облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Сәрсенбаев, облыстық Полиция департаменті мен өзге де мемлекеттік орган өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Кеңесте «Сыр сыйы» шаруа қожалығының өкілі Нұрлан Биманов шаруаларда мал басының жоғалуы, ұрлануы көбейгенін жеткізді. Құзырлы органдарға шағымданғанымен дер кезінде жауап ала алмай жүргенін айтты.

«Жыл басында 12 бас малым жоғалып, ішкі істер органдарына арыздандым. Әлі күнге бір жауап ала алмай отырмын. Төрт басын таптым, қалғаны жоқ. Арыз тіркелгеннен кейін жауап берілуі керек емес пе? Жоқ, жауап алмадым», – деді Нұрлан Биманов.

Кәсіпкер өзі тұратын Жалағаш ауданында соңғы екі жылда 100 бастан астам мал ұрлады деген күдікпен ұсталған азаматтарға шара қолданылмай отырғанын айтып, шаруалардың арасында бұл мәселе алаңдаушылық тудырып отырғанын атап өтті.

Облыстық Полиция департаментінің өкілі Ибадулла Мырзаевтың сөзінше, осы жылдың 7 айында облыс аумағында 39 мал ұрлығы тіркеліп, 13 қылмыскер ұсталған.

«Малдың басым бөлігі өрісте, қараусыз жүріп ұрланады. Тағы бір себебі азаматтардың малдың жоғалғаны туралы кеш хабарлауынан болып отыр. Мал иелерінің арасында малдарын құжаттандыру, таңбалау, сырғалау жұмыстары әлі де болса жеткіліксіз», – деді Ибадулла Мырзаев.

Ішкі істер органы өкілінің айтуынша, мал ұрлығын жасаған тұлғаларға 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралған.

Облыстық Полиция департаментінің өкілдері шаруалардың ұсынған әр фактісі бойынша зерттеп, жауабын айтатынын жеткізді. Сондай-ақ, істің жүргізілуіне күмәнданған жағдайда жауапты органдарға шағымдана алатынын хабардар етті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер