«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бізді қорғап жатқан жоқсыздар, қорлап жатырсыздар – қызылордалық кәсіпкерлер

2023 жылғы 22 Қыркүйек
- Қызылорда облысы
8958 просмотров

Ұлттық экономика министрлігінің қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін ұлғайту туралы ұсынысы қызылордалық кәсіпкерлерді алаңдатып отыр.

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен салалық кеңестің біріккен отырысында бизнес өкілдері пікірін білдірді.

Шараға Кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов, Палата жанындағы Өңірлік және салалық кеңесмүшелері, мүдделі мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Өңірлік кеңес мүшесі, облыстық құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Манарбек Еспенбетов құрылысшылардан қосымша құн салығын алып тастауды ұсынды.

«Жоғарыда отырған кісілер қосымша құн салығын көтеру бастамасын шет елден алып отыр. Бізге ол келмейді. Өзге сала туралы айта алмаймын. Құрылыс саласы бойынша айтайын. Егер қосылған құн салығын 12-ден 16 пайызға көтерсе,  біздің салада хаос, яғни былық басталады. Қосылған құн салығын төлейтін тауар жеткізушілер өзге жолды іздей бастайды да, оның салмағы құрылысшыларға түседі. Қазір осы қосылған құн салығын дұрыс есептеп отыру үшін де бірнеше бухгалтер ұстауға мәжбүрміз. Құрылысшылардан қосымша құн салығын алып тастап, салықтың бір түрін ғана қалдыру керек. Мысалы млрд теңге алдық па, соның 60 млн теңгесін салық қылып төлейміз. Болды», – деді кәсіпкер Манарбек Еспенбетов.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерсін Орынбаев қосымша құн салығын көтеру кәсіпкерлерге ғана емес, халыққа да салмақ салуы мүмкін екенін атап өтті.

«Бұл жерде зардап шегетін халық, яғни тұтынушылар. Түптің түбінде бұл ақшаны халық төлейді. Қосылған құн салығын төлеу көлемін арттырған күннің өзінде 2025 жылы бірден енгізіп жібермей, кезең кезеңімен енгізуді ұсыну керек», – деді Ерсін Орынбаев.

Пластик трубаларын шығаратын «Қуат» ЖШС директорының орынбасары Олег Гладков салықты көбейту отандық тауарөндірушілерге қаншалықты кері әсер ететінін атап өтті.

«Қосылған құн салығын өсіру туралы жаңалықты естігелі алаңдап отырмыз. Біріншіден, баға өседі. Бұл біздің қызметімізді, керісінше, бәсекеге қабілетсіз етеді. Салық өскенде қандай жағдайда болатынымызды айту, сөздің шыны, қиын. Екіншіден, біз тауарды шығару үшін шикізатты өзге кәсіпкерлерден аламыз. Осы тауар жеткізуші кәсіпкерлер шағыннан ортаға ауысамыз деп ойланып жүрген. Мына жаңалықтан кейін орта кәсіпкер болудың тиімсіз екенін айтып жатыр», – дейді Олег Гладков.

Отырыста кәсіпкерлер жақында ғана Президенттің кәсіпкерлермен кездесуде салық заңнамасын оңтайландырып, орта кәсіпкерлердің қатарын көбейту, олардың қолдау керек деген тапсырмасына Ұлттық экономика министрлігінің бастамасы қаншалықты сай келетінін түсінбейтінін жеткізді.

«Бұл – бізге артық салмақ. Мәселені жан-жақты зерттеп, кәсіпкердің пікірімен де санасқан дұрыс. Біз қарсымыз. Бастаманы көтеріп отырған министрлікке айтарым, сіздер, кәсіпкерлерді қорғап жатқан жоқсыздар, қайта қорлап жатырсыздар», – деді Өңірлік кеңес мүшесі Аблан Асенов.

Кездесу қорытындысында кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдері берген ұсыныстарды жинақтап, «Атамекен» ҰКП-ның Орталық аппаратына жолдау жөнінде шешім шығарды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер