«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада ауадан 25 млрд долларды табу көзі және Қазақстанға бұған не кедергі жайы талқыланды

2025 жылғы 12 Маусым
1583 просмотров

Астанада тозған жерлерді ауқымды қалпына келтірудің бастамасы болып, мемлекет үшін де, агрокәсіпкерлер үшін де жаңа табыс көзіне айналуы мүмкін шара өтті. «Ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы және жер пайдаланудың басқа түрлеріндегі карбонды жобалары (AFOLU)» тақырыбындағы тренингті Қазақстанның экологиялық бастамалар Қауымдастығы Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (FAO) қолдауымен ұйымдастырды.

Іс-шараның қонақтары мемлекеттік органдардың, бизнес пен ғылымның өкілдерімен бірге БҰҰ азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) сарапшылары болды. Олар басқа елдерде көміртегі жобаларын жүзеге асыру тәжірибесімен және шығарындыларды бақылау және сертификаттау (MRV-жүйесі) саласындағы халықаралық стандарттармен бөлісті.

«Қазақстан климаттық өзгерістерді дүниежүзілік орташа деңгейден көбірек бастан кешіруде. Температура әр онжылдықта 0,32°C-қа көтеріледі. Бұл жайылымдардың деградациясына, құрғақшылыққа, егіншілік пен мал шаруашылығының өнімділігінің төмендеуіне әкеледі. Климатқа төзімді жер пайдалану тәжірибесіне (AFOLU) көшу осы тәуекелдерге бейімделуге және экожүйелердің көміртекті сіңіру қабілетін қалпына келтіруге көмектеседі», - деді экологиялық ұйымдар Қауымдастығының төрағасы Айгүл Соловьева.

Карбонды жобалар дегеніміз не?

Бұл фермерлер шығарындыларды атмосфераға шығарудың орнына азайту үшін белгілі бір ауылшаруашылық және орман шаруашылығы әдістерін қолдану тәжірибесі. Ол үшін агрокәсіпкер «көміртекті несие» (карбонды несие) ала алады, осылайша өзінің табиғатты қорғау жұмысының нәтижесін сатады.

Мұндай экономикалық перспективаны AFOLU жобалары қамтамасыз ете алады, көміртегі бірліктерінің халықаралық саудасына қатысуға және «жасыл» инвестицияларды тартуға мүмкіндіктер ашады.

Қазақстанның әлеуеті қандай?

Жақында Өзбекстанда өткен конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның карбонды шаруашылығын дамытуға ашықтығын атап өтті, осылайша мемлекеттік саясаттағы жасыл бағыттың басымдылығын растады. 200 млн га ауыл шаруашылығы алқаптарын құрайтын орасан зор жер ресурсы және әлемдегі төртінші жайылымдық ауданы бар Қазақстанның табиғи көміртекті жерді пайдалану саласындағы өңірлік көшбасшы болуға бірегей мүмкіндігі бар. 2060 жылға қарай Қазақстанда көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына сәйкес мал шаруашылығы парниктік газдар шығарындыларының ең үлкен көзіне айналуы мүмкін – 30,5 млн тонна CO₂ эквивалентіне дейін.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, көміртегінің орнын толтыру саудасы 2050 жылға дейін елімізге жыл сайын 25 млрд долларға дейін табыс әкелуі мүмкін. Оксфорд университетінің бағалауы бойынша Қазақстандағы көміртекті секвестрлеу әлеуеті жылына 535 млн тоннаға дейін жетеді.

Бұл ресурс қолданыстағы кедергілер жойылған жағдайда, ауқымды көміртекті жобалардың негізіне айнала алады. «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Төралқа төрағасы Райымбек Баталов өзінің құттықтау сөзінде атап өткендей, елдің зор әлеуетіне қарамастан, заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілмейінше инвестиция тарту екіталай.

«Соңғы жылдары Ұлттық палата Экология министрлігімен бірлесіп, заңнамалық базаны жетілдіру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Париж келісімінің 6-бабында көзделген көміртекті бірліктердің халықаралық сауда механизмдері ұлттық заңнамаға енгізілуі тиіс. Біз заңнамада мемлекет үлесін, мысалы, 5% көлемінде нақты белгілеуді және осындай жобаларды есепке алу тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл инвесторларға сенімділік беріп, көміртекті бірліктердің экспорттық бағасын арттырады», – деді  Баталов.

Аталмыш бағыттағы Қазақстандағы алғашқы әрі табысты кейс – Орталық Азиядағы алғашқы ірі орман-климаттық жобаның іске қосылуы болды. Бұл жоба туралы тренинг сессиясы барысында жобаны ұйымдастырушылар – немістің SEFE Marketing & Trading энергетикалық компаниясының өкілі Сергей Киселев және қазақстандық компанияның өкілі Юрий Ким айтып берді. Айта кетейік, жоба «Атамекен» ҚР ҰКП қолдауымен жүзеге асырылуда.

Жоба Қапшағай су қоймасының жағалауындағы 1500 га тозған жерді қамтиды. Бұл жерде орман плантациялары, агроучаскелер мен экотуристік аймақтар пайда болады. Есептеулерге сәйкес, әр гектар жыл сайын шамамен 26 тонна CO₂ сіңіреді, ал 30 жыл ішінде бұл көрсеткіш 1,2 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін.

«Үш жыл бұрын Мемлекет басшысы отандық инвесторлар кеңесінде 3,5 млн ағаш отырғызу бастамасын көтерді. Биыл мамыр айында біз жобаны ресми түрде іске қостық. Бұл жай ғана ағаш отырғызу емес, халықаралық стандарттарға сәйкес нақты көміртек саясатын іске асыру», – деді Баталов.

Климаттық жауапкершілікті экономикалық өсумен ұштастыруға деген ұмтылыс Қазақстанды Орталық Азиядағы орнықты дамудың үлгісіне айналдыра алады. Алайда, тренингке қатысушылар атап өткендей, заңнаманы түзетуден бастап, ауыл кәсіпкерлеріне білім беру мен техникалық қолдауға дейінгі бағытта әлі де ауқымды жұмыс атқарылуы қажет.

Еске салайық, бастаманы іске қосу жөніндегі меморандум ҚР Президентінің қатысуымен 2023 жылы Дубайда өткен COP28 климаттық саммитінде қол қойылған болатын. Ал 2024 жылдың күзінде Ұлттық палата Париж келісімі аясындағы ел міндеттемелерін орындау бағытында нақты бастамаларды жүзеге асыруға кірісті. Жыл басында Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге осындай жобаларды белсенді түрде енгізуді тапсырды. Ол бұл бастамалардың тек жасыл болашаққа қосқан үлес емес, сонымен қатар бизнес пен өңірлердің дамуына арналған тиімді құрал екенін ерекше атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер