«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жол бойындағы сервисті дамыту: ҰКП бизнестің мүмкіндіктерін талқылады

2025 жылғы 18 Шілде
556 просмотров

Автомобиль жолдарын санитарлық-гигиеналық қамтамасыз ету проблемасы ең өткір және әлеуметтік маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының – жанар-жағармай құю станцияларының, асханалар, санитарлық тораптардың ұзақ жолдардағы жетіспеушілігі автокөлік жүргізушілері мен туристер үшін айтарлықтай қолайсыздықтар туғызуда. Бұл тақырып кең ауқымды қоғамдық резонанс тудырып, БАҚ-та да, Мемлекет басшысының деңгейіне дейін ресми алаңдарда да талқылануда.

Осыған орай, «Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойындағы сервистік нысандарды дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Басты мақсат кәсіпкерлер алдында тұрған мәселелерді шешудің нақты қадамдарын әзірлеу, сондай-ақ, туристер мен көлік жүргізушілерінің жағдайын жақсарту болып табылады.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ мәліметтері бойынша, елімізде 25 мың шақырым республикалық маңызыдағы автомобиль жолдары бар. Оларға мыналар жатады:

  • 1407 жол бойындағы қызмет көрсету нысандары (кафелер, қонақ үйлер, техникалық қызмет көрсету станциялары, жанармай құю станциялары)
  • 712 аялдама пункті
  • Санитарлық-гигиеналық қондырғылары бар 144 модульдік павильондар
  • Жылу пункттері бар 5 нысан.

Өңірлер бойынша жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының ең көп саны Алматыда (181), Көкшетауда (157) және Қостанайда (130) шоғырланған. Ең аз қамтамасыз етілген облыстар Жезқазған (11), Ақтау (31) және Талдықорған (37) болып қалды. Барлық ілгерілеушіліктерге қарамастан, шағымдар саны әлі де жоғары.

Автомобиль жолдарының бойында санитарлық-гигиеналық қондырғылар орнатылған 144 павильонның 43-і ғана жеке кәсіпкерлердің қаражатына салынған. Бұл жол бойындағы инфрақұрылымды дамытуда бизнесті одан әрі қолдау және ынталандыру қажеттілігін көрсетеді. Ұлттық компания кәсіпкерлерге модульдік павильондарды бірыңғай көрнекі стандарттарға сәйкес орналастыруды ұсынады. Биылғы жылдың соңына дейін ашық аукцион арқылы бизнеске берілетін тағы 37 павильонды орнату жоспарлануда. Жалдау ақысы айына 20 мыңнан 50 мың теңгеге дейін.

«Біз магистральдарда жай ғана жылы дәретханалар емес, толыққанды қызмет көрсету орындары - саудасы, кофесі, жайлылығы бар болғанын қалаймыз. Бұл да кәсіпкерлердің өздерінен келіп түскен өтініш», - деді «ҚазАвтоЖол» АҚ стратегиялық жоспарлау департаментінің директоры Бақыт Маратов.

Шағымдарға тезірек жауап беру үшін ұлттық компания QR кодтарын енгізді, онда пайдаланушылар қызмет көрсетудің тазалығы мен сапасы туралы тез пікір қалдыра алады.

«Турист ең бірінші көретіні - жол бойындағы кешен. Міне, осыдан өңірдің қызмет көрсету деңгейі және жалпы ел туралы түсінік қалыптасады. Сондықтан біз мұндай жобаларда отандық брендтерімізді қолдау мақсатында жергілікті өндірушілер мен қолөнершілер өнімдерін саудалайтын тұрақты алаңдарды құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», - деп атап өтті Қызылорда облыстық өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздық.

Жиында туристік бизнес өкілдері жол бойындағы сервисті дамытуға кедергі келтіретін бірқатар жүйелі проблемаларды анықтады. Олардың ішінде инженерлік желілерге (электр, сумен жабдықтау) қосылудағы қиындықтар; ШОБ үшін стартаптарды қолдау қажеттілігі; мемлекеттік қолдау шараларын күшейту; шешілмеген жер мәселелері; кәсіпкерлерге жол бойындағы қолжетімді қызмет көрсету нысандары туралы өзекті ақпараты бар бірыңғай цифрлық платформаның болмауы.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарушы директоры – Туризм департаментінің директоры Дамиля Құнанова жол бойындағы сервисті дамыту шешімдерін әзірлеу мақсатында кездесу барысында айтылған кәсіпкерлердің барлық ұсыныстары мен тілектері «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп пысықталатынын атап өтті. Сондай-ақ, «ҚазАвтоЖол» мен бизнес өкілдерінің өңірлік кәсіпкерлер палаталарының алаңында және орталық деңгейде кездесулерін өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер