«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Құрылыс алаңынан қолөнерге дейін: өз кәсібінің иесі болған әйелдің жолы

2025 жылғы 14 Желтоқсан
- Ақтөбе облысы
308 просмотров

Технологиялар күн санап өзгертіп жатқан заманда тамырын, дәстүрін, нағыз шеберліктің қадірін еңбегімен еске салатын жандар әрдайым табылады. Солардың бірі — Шалқар қаласының 58 жастағы тұрғыны Ешмағамбетова Амангүл. Ол өз ісін сөздің тура мағынасында өз қолымен қалыптастырған жан.

 

Бес жыл бұрын, ел үшін күрделі болған пандемия кезеңінде, Амангүл апай ұзақ жылдар еңбек еткен құрылыс саласынан қысқартуға ілігеді. Алайда дәл осы қиын сәт оның кәсіпкерлік жолындағы жаңа бастауы болды. Бір жұмыстан айырылғанымен, өмірлік ісін тапты.

 

Бүгінде Амангүл түйе жүнінен түрлі бұйымдар жасап, бірегей қолөнермен айналысуда. Шикізатты жергілікті тұрғындардан сатып алады. Оның әрбір өнімі — дала жылуы, табиғилық пен жанашырлықтың көрінісі. Қолғап, шұлық, шәлі, бас киім, шарф, ойыншықтар және өзге де бұйымдар экологиялық тазалығы мен денсаулыққа пайдасының арқасында сұранысқа ие.

 

Алайда оның миссиясы тек табыс табумен шектелмейді. Амангүл ұлттық қолөнерді дәріптеп, дәстүрдің заманауи табысты кәсіптің негізіне айнала алатынын дәлелдеп келеді. Ол «Бір ауыл — бір өнім» ұлттық кәсіпкерлік палатасының жобасына қатысып, биыл жартылай финалистер қатарына енді. Кәсібін мемлекеттік гранттық қолдаудың және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының тұрақты сүйемелдеуінің арқасында дамытып отыр.

Бүгінде Амангүлдің бұйымдары тек офлайн емес, онлайн да өз тұтынушысын тауып келеді. Ол Instagram әлеуметтік желісі арқылы өнімдерін белсенді түрде насихаттап, халықтық қолөнердің жаңа экономиканың бір бөлшегіне айналғанын көрсетіп жүр.

Бұл — шағын ғана Шалқар қаласынан шыққан әйелдің табандылығы мен дәстүрге адалдығы арқылы тұтас өңірге үлгі бола білгенінің айғағы.

Тапсырыс берем десеніз: 8 701 316 3067.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174