«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нанның бәрі тәтті

2016 жылғы 23 Ақпан
- Қарағанды облысы
11907 просмотров

Наубайханалар мен кондитерлік кәсіпорындарды дұрыс ұйымдастырса, шығындары жылдам өтелетін нарық субъектісіне айналады

Біз нанды аз жейтін болдық. Зерттеушілердің мәліметтері бойынша, соңғы жылдары бір адамға шаққандағы тұтыну тәулігіне 500-ден 100 грамға төмендеген. Бірақ, бұл фактіні нан пісіру бизнесін жасағысы келетіндер қаперге алмауы тиіс. Тек, бұл ғана емес. Ас атасын сатып алу азайған жоқ, сол себепті наубайханалар мен кондитерлік цехтар сол бұрынғысынша рентабельді, нарықтың жылдам өтелетін субъектісі болып қалуда. Әрине, егер оны дұрыс ұйымдастырса.

Облыстың Іскер әйелдер кеңесінде өткен семинарда осы жайлы сөз қозғалды. Шығыс тәттілері фабрикасы құрылтайшыларының бірі Жанаргүл Құлмағамбетова  бизнес-тренер  болды. Бұл кәсіпорын  15 жыл бұрын шағын цехтан бастау алған болатын, ал қазір бұл екі технологиялық желісі бар толыққанды фабрика және өз өнімін экспортқа да шығарады.

Тыңдаушылар аудиториясын декреттік демалыста отырып, өз идеяларын іске асырғысы келетін жас аналар, кішігірім құймақ жасайтын орындары, наубайханалары, аспаздықтары бар әйелдер, жай ғана «бәліш пісіргенді ұнататын» әрі мұнымен ақша табуға болатынын білетін үй шаруасындағы қыз-келіншектер, сондай-ақ, кәсіптік білім еш уақытта артық болмайды деп санайтын табысты кәсіпкерлер (оның ішінде бірнеше ер адам да бар) құрады.  

Қолда бар мәліметтер әр түрлі: нан кейде аз, кейде көп сатылады. Себебі нан өнімдері сан алуан және оның ассортименті үнемі көбейіп отырады. Өндірушілер кез келген талғамға сай өнім шығарады – түрлі ұннан әзірленетін нан, сан алуан қоспалар, дәрумендер қосылған, ашытқысы бар, ашытқысыз, айранмен, сарысумен, сусамырмен ауыратындар үшін, арықтағысы келетіндер, спортшылар үшін және т.б. заманауи наубайханалар мен кондитерліктер ассортимент арқылы пайда табады – сарапшылар осылай дейді. Тек әлеуметтік бөлке нан пісіріп қана қою пайдасыз, бірақ өнімнің бұл санатынан бас тартуға да болмайды. Дегенмен, мемлекет бұдан былай әлеуметтік нан шығаруға дотация бермейтін сыңайлы.

«Кәсіпкерлер палатасының бұған қатысты пікірі басқаша. Біз Үкіметке дотацияларды сақтау қажеттігіне негіздеп хат жаздық, бірақ мәселе әлі шешілген жоқ», – дейді Жанаргүл Құлмағамбетова.

Алайда, өндірушілер тұрғындардың әртүрлі топтарының қажеттіліктерін ескеруі тиіс.

Наубайхана, кондитерлік цех, аспаздық колледж студенттеріне арналған практиканың базасына айнала алады. Бұл пайдасы бар іс. Ынталы оқушылар – қосымша, тегін жұмыс күші екендігі де маңызды. Оған қоса – креативті, жаңа теориялық білімдерге ие топ. Практика кезінде кәсіпорын қожайыны мүлтіксіз таңдау жасап, болашақ маманды штатқа қабылдай алады. Бәлкім, алдағы уақытта практиканттардың тәлімгерлері жалақысына қосымша алуы да мүмкін – бұл мәселе қазір Ұлттық палатада және Үкіметте талқыланып жатыр.

Интернет үй шаруасындағы әйелдердің өмірін тұтастай өзгертті. Әлеуметтік  желілер даңғойлықтың жәрмеңкесіне айналып қана қоймай, жарнама мен  сауда алаңына айналды. Сарапшылар «достарыммен жеген  ...-нің бәліштері қандай керемет» деген тәрізді сөздер қала орталығындағы орасан зор баннерге қарағанда, анағұрлым көп клиент тартады дейді. «Дәмді» бизнестің  бөлшек саудаға арналған ғимараты болмауы мүмкін, демек, кәсіпкер тұрғын жайды жалға алу, сатушыға жалақы төлеу және т.б. үшін шығынданбайды.  Бәліштер, суши, жапон, тай, орыс асханасының ыстық тағамдарын тапсырыспен дайындау және мекенжайына жеткізу тіпті ыңғайлы. Бизнестің мұндай түрі Қарағандыда да кеңінен тарап келеді.

Жанаргүл Құлмағамбетова стартапшылардың заңды тұлғалар саласындағы тұтынушыларға ерекше назар аударуына кеңес берді, бұл нарықтың орасан зор сегменті. Балабақшалар, мектептер, ауруханалар және т.б. кейтерингке, яғни тағамды жеткізуге баяғыда-ақ көшкен. Жеткізуші компаниялармен нан  және азық-түлік өнімдерін өндіру туралы келісімшарттар жасауға болады.

Егер өндірістік тұрғын жай туралы айтатын болсақ, онда электр қуатының болуын, алынатын құрал-жабдықтың көлемін, желдету және тағы басқаларын назарда ұстау керек. Әйтпесе, күтпеген проблемалар пайда болуы мүмкін. Айталық, Осакаров ауданының кәсіпкері өндірістік ғимарат салған, бірақ өндірісті іске қоса алмаған, себебі орнатылған жабдықтың қуаттылығы 380 ватт екенін ескермеген. Жағдайды шешу үшін бір жыл уақыт және Кәсіпкерлер палатасының көмегі қажет болды.

Сондай-ақ, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорнының иесі оның өндірісі қандай есіктен басталатынын білуі тиіс. Санэпидқызмет жұмыскері кейде кіреберістен де сынама алғысы келуі мүмкін (бұл дұрыс емес), өйткені тазалық аумағы цехқа апаратын есіктің ар жағынан басталады.

Санитарлық-гигиеналық қызмет жұмыскерлерінен қорқудың қажеті жоқ дейді бизнес-тренер. Олар міндетті түрде сізді тексеретін болады, сол себепті бизнесті дамыту үшін әуел бастан бірлесіп әрекет еткен жақсы.  

«Бүгінде тексерушілер бизнеске айыппұл салмайды, тек ескерту береді. Оған қоса біздің алдымызда ЭКСПО халықаралық көрмесі келе жатыр, қонақтарды күтуге қатысу санитарлық ережелер мен талаптарды сақтауға ерекше міндет жүктейді. Айталық, «ДСҰ қағидаттары» таңбасы шетелдіктер үшін жоғары сапа белгісі болып табылады, ал оларды сақтау – аса күрделі шаруа емес», деп түйіндеді сөзін Жанаргүл Құлмағамбетова.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер