Г. Бижанова: Әйелдер кәсіпкерлігі – цифрландыру жағдайындағы экономикалық өсімнің стратегиялық ресурсы
Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту және экономиканы цифрлық трансформациялау мен жасанды интеллект технологияларын енгізу жағдайында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері қаралды.
Отырысқа Ұлттық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері және Ұлттық комиссия мүшелері, сондай-ақ өңірлік әкімдік өкілдері қатысты.

Отырыс жұмысын аша отырып, Аида Балаева әйелдердің экономикалық дербестігі елдің тұрақты дамуының, отбасылардың әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты әйелдерді заманауи экономикалық үдерістерге, соның ішінде цифрлық экономикаға тарту үшін қолайлы жағдайлар қалыптастырудың маңыздылығы артатынын айтты.
.jpg)
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амрин Қазақстанда әйелдердің іскерлік белсенділігі тұрақты жоғары деңгейде сақталып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазір әйелдер шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 48 пайызын басқарып отыр, ал 2025 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша елде бір миллионнан астам кәсіпкер әйел тіркелген.
Отырыс барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Гүлнар Бижанова негізгі баяндама жасап, жедел цифрландыру және жаңа құқықтық ортаның қалыптасуы жағдайында әйелдер кәсіпкерлігін әлеуметтік санат ретінде емес, экономиканың стратегиялық маңызды сегменті әрі тұрақты өсіснің ресурсы ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан экономикасы қарқынды түрде өзгеруде және осы жаңа кезеңде әйелдер бизнесіне өлшемді, айқын әрі экономикалық тұрғыдан маңызды кәсіпкерлік ортаның құрамдас бөлігі ретінде жаңаша көзқараспен қарау қажет.
Реттеушілік саясат, заң шығару және нақты сектор саласында тәжірибелі маман әрі ҰКП өкілі ретінде сөз сөйлеген Гүлнар Бижанова бірқатар стратегиялық басымдықты айқындады.

Алғашқы басымдық – әйелдер кәсіпкерлігін институционалдық тұрғыда тану. Оның айтуынша, «әйелдер кәсіпкерлігі» ұғымын заңнамалық деңгейде бекітіп, оны мемлекеттік қолдау шаралары жүйесіне интеграциялау орынды болмақ. Үлгі ретінде Қырғыз Республикасының тәжірибесі келтірілді, онда заңнамалық деңгейде «әйелдер кәсіпкерлігі» ұғымы енгізіліп, банк секторының қатысуымен Кәсіпкер әйелдерді қаржыландыру кодексі іске асырылуда.
Аталған тәсіл әйелдер бизнесін осал топ ретінде емес, қаржы нарығы мен мемлекеттік саясаттың дербес, ашық сегменті ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, ШОБ-ты қолдау, индустриялық-инновациялық, экспорттық және өңірлік бағдарламаларға интеграциялау тұрғысынан өзекті болып отыр.
Екінші басым бағыт ретінде құқықтық және реттеуші тетіктердің сапасы белгіленді. Кез келген қолдау шараларының тиімділігі реттеуші ортаның тұрақтылығы мен болжамдылығына тікелей байланысты екені атап өтілді. Баяндамашының пікірінше, жекелеген салаларды реттеуші әсерді талдау рәсімінен толықтай шығару сараптама сапасын төмендетіп, салдарынан құқықтық және сот дауларының көбеюіне әкеледі.
Сондай-ақ, Интеллект арқылы реттеу орталығының тиімді жұмысын жолға қою қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Бұл орталық бизнеспен және сараптамалық қауымдастықпен тығыз өзара іс-қимылда жұмыс істеуге тиіс. Реттеуші сараптаманың негізгі нәтижесі тек құқықтық нормалар ғана емес, қабылданатын шешімдердің экономикалық салдарын нақты түсіну болуы қажет екені айтылды.
Отырыс барысында «Атамекен» ҰКП-ның әйелдер кәсіпкерлігін қолдау инфрақұрылымын дамытудағы рөлі де ерекше атап өтілді. Палата жұмысы кеңес беру және сервистік қызметтерден бастап халықаралық ынтымақтастық пен іскерлік байланыстарды дамытуға дейінгі бағыттарды қамтыды. Сәтті тәжірибе ретінде қатысушылардың басым бөлігін әйелдер құрайтын «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аталып, олардың өнімдері сауда желілері мен цифрлық маркетплейстерде ұсынылатыны айтылды.
Палата ішіндегі цифрлық трансформация тақырыбы да қозғалды. Atameken AI моделі мемлекеттік және бизнес-сервистерді «бірыңғай цифрлық терезе» форматында ұсынуды көздейді. Болашақта бұл платформа әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған толыққанды B2B кеңістікке айналмақ.
Отырыс қорытындысы бойынша жиынға қатысушылар цифрлық экономика жағдайында қаржылық және қаржылық емес қолдау шараларына қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған әйелдер кәсіпкерлігі туралы заң жобасын әзірлеу бастамасын қолдады. Сонымен қатар, электрондық коммерция, салық салу және цифрлық құзыреттер саласындағы білім беру және онлайн бағдарламаларды дамыту, сондай-ақ өңірлік және ауылдық бастамаларды қолдауды күшейту бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
Әйелдер кәсіпкерлігі Қазақстанның тұрақты, инклюзивті және бәсекеге қабілетті экономикасын қалыптастырудың маңызды элементі ретінде белгіленді.


Пікір қалдыру:
Пікірлер: